Тәуелсіздік мерекесіне орай Алматыда ғылыми конференция өтті
Биыл Желтоқсан оқиғасына — 36 жыл. Осыған байланысты ғылыми конференцияда бас қосқан мамандар көптеген өзекті мәселелерді талқылады. «Еліміздің егемендік алуына 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің ықпалы зор болды. Алайда әлі күнге дейін желтоқсан қозғалысы ғылыми деңгейде зерттеліп, тиісті бағасын ала алмай келеді», — дейді конференцияға қатысушылар.
Нұрлыбек Қуанбаев, «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
-Мына желтоқсан көтерілісіне әлі нақты көтірілістің өзіне саяси баға берілген жоқ. Әлі күнге дейін «Желтоқсан оқиғасы» деп айтады. Желтоқсан көтерілісінің мына қатысушыларына ардагер деген жеке статус мәртебе берілген жоқ. Бұлардың әлеуметтік жағдайлары байланысты да ешқандай мынандай көмек жоқ десе де болады.
«Дәл сол кезде жастар әлеуметтік мәселе үшін емес, қазақ елінің болашағы үшін алаңға шықты. Рухани байлығымыз жоғалып бара жатты. Қазақтың тілі мен діні, салт-дәстүрін сақтап қалу үшін қаншама жас жапа шекті. Сондықтан желтоқсан көтерілісі туралы ортақ заң қабылдануы керек», — дейді мамандар.
Гүлбахрам Жүніс, «Желтоқсан-86» республикалық қозғалысының төрайымы:
-Қазіргі күнде Алматы қаласында үлкен жеңілдіктер жасалып отыр. Көліктерде тегін жүру деген сияқты. Ал енді сол бүкіл қазақ елінің көлемінде болу керек. Өйткені біздің өңір-өңірде желтоқсандықтарымыз бар.
2006 жылы мемлекеттік бюджеттің тапшылығына байланысты Желтоқсанға қатысушыларға берілетін жеңілдіктер алынып тасталған екен. Енді Желтоқсан күрескерлерінің сол әлеуметтік қолдау қайтарылса деген талап-тілегі бар.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев