Үкіметтік емес ұйымдар жобаларын қазақ тілінде жүзеге асыруға құлықсыз
Бұл туралы үкіметтік емес ұйымдарға грант беру тақырыбындағы брифинг барысында белгілі болды. Одан бөлек, азаматтық бастамаларды қолдау орталығында ұлттық құндылықтарға арнайы бағыт та қарастырылмаған. Яғни волонтерлық, жастар саясаты, дін, салауатты өмір салты секілді 15 саланың сапында ұлттық мүддеге сай келетін бірде-бір бағдар жоқ. Ал, жауаптылар: «Әдейілеп көңіл бөлмесек те ондай жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деп сендірді. Елімізде қоғамдық ұйымдарды қолдау үшін жыл сайын 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, жүздеген жоба жүзеге асырылады.
Мадияр Қожахмет, ҚР АҚДМ комитет төрағасы:
-Ондай арнайы ұлттық құндылықтарды сақтау басымдылық жобасы жоқ. Бірақ, биыл мысалы, осы басым бағыттардың бірі еріктілікті дамыту аясындағы негізгі 8 бағытта арнайы бөлігіміз бар. Бұл «Біргеміз», «Асыл мұра». Ол біздің ұлттық тарихымызды, құндылықтарымызды қамтитын мұра. Онда арнайы біздің еріктілер, осы Түркістан және басқа да жерлерде археологиялық мәселелер бойынша қолдау көрсету үшін жасалып жатқан жобалар бар.