Екібастұз тұрғындарының электр қуатына кеткен шығынын жылу компаниясы өтеп береді
Екі аптаға жуық жылусыз қалған көпқабатты үй тұрғындары бүлінген дүние-мүліктерінің де шығынын өтеп беруді талап етеді. Бүгінде жөндеуді қажет ететін 424 пәтер анықталды. Олардың ішінен ең көп залал келген 52 баспанада күрделі жөндеу жүріп жатыр. Кеншілер қаласындағы 30 көпқабатты үйде температуралық көрсеткіш талапқа сай келмейді. Бұған жылу бекетіндегі қазандық қондырғыларының күнара істен шығуы себеп. Сыртқы температураға байланысты 5-6 қазандық жұмыс істеуі керек еді. Ал станцияда тек 4 қазандық іске қосулы.
Бағдат Орал, Орталық Азиялық энергетикалық компанияның бас директоры:
- Бұл негізгі мәселе ремонттық жұмыстар. Біз ремонттық жұмыстарды өздеріңіз білесіздер, күзде және жазда жасаймыз. Қазір осы қыстың маңайында да ремонттық жұмыстарды ертерек бастауға кірістік. Сол ремонттық жұмыстарға байланысты қазір кішкене қазандықтар жетіспей тұр. Бірақ бүгінгі күннің шамасында 6 қазандық жұмыста болады.
Көмірлі өлкеде жылуға жарымаған тұрғындардың электр қуаты үшін төлейтін өтемақысын жылу беруші компания өтеп береді. Алайда тікелей тұрғындарға бермейді. 240 млн теңге «ЕкібастұзЭнергоның» шотына аударылады. «Екібастұзтеплоэнерго» бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.