«Air Astana» әуе компаниясына қатысты әкімшілік іс сотта қаралып жатыр
Авиабилет бағасы бойынша тексеру нәтижесі сотқа дейін жетті. Биыл қыркүйек айында «Air Astana» әуе компаниясына 3 млн теңгеден астам айыппұл салынған болатын. Бұл әуе компаниясы осы жылы жеті рет айыппұл арқалады. Сондай-ақ «Яндекс.Такси»-дің бағаны қымбаттатуына байланысты іс те сотта қаралып жатыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетовтың айтуынша, қазіргі кезде компанияның қызметіне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Екі тергеу ісі басталған болатын, оның біреуі тоқтатылды. Тергеу аясында сот процесі қатар жүріп жатыр.
Болат Сәмбетов, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары:
- Бірінші тергеу компанияның қызметін асыра пайдалануға қатысты болса, екіншісі бағаны қолдан көтеру дерегі бойынша жүргізілуде. Бірінші дерек бойынша тергеу тоқтатылды, бағаны көтеру бойынша сот процесі жалғасып жатыр.