Атыраулық бағбандар 35 тонна лимон жинады
Аумағы 2 гектар жылыжайдан бағбандар биыл 35 тонна лимон жинапты. Лимон - табиғатында кірпияз емес. Аңызақ жел мен аптап ыстықтан қорғай білсеңіз, суыққа бой бермейді. Бұл жеміс ағаштары осыдан үш жыл бұрын өскін күйінде егілген болатын. Бабын тапқан бағбан биыл әр түп ағаштан 80-100 келі өнім жинапты. Шаруашылық Махамбет ауданының «Сарайшық» ауылдық округіне қарайды. Бұл ауыл адамдарын жұмыспен қамтуға оң ықпал етіп отыр. Қазір жылыжайда 10 адам еңбек етеді. Оның жартысынан көбі ауыл тұрғындары. Жаңа жыл қарсаңында лимонария өнімі тұтынушы дастарханына жете бастады.
Владимир Розметов, шаруашылық жетекшісі:
- Біздің лимонның сорты «мир» деген сорт. Оны қабығымен жеуге болады. Болашақта осыны көбейтеміз. Тағы 2 гектардай салғымыз келеді. Келесі жылы кірісеміз. Проектісін жасап қойдық. Лимонға көп шығын жоқ. Қыста температура көп керек емес, +2-3 градус болса жарайды. Өсе береді, салқыннан қорықпайды. -2 гардусқа дейін шыдайды.