Қарағанды өңірінің жастары жаппай қар тазалауға шықты
Тек соңғы үш күннің ішінде аймақта қардың бір айлық мөлшері жауып, халықтың жүріп-тұруы қиындаған. Ал жекелеген үйлерге жедел-жәрдем мен газ таситын көліктер өте алмай қалыпты. Осыған орай өтініш айтып, көмек сұраған қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барлығына волонтерлар шамалары жеткенше қол ұшын созып жатыр. Қарағанды жастарының бастамасын Шахтинск пен Теміртаудың қыз-жігіттері де қолдаған. Сондай-ақ игі шараға қала тұрғындары мен әскери бөлімнің сарбаздары атсалысып жатыр. Тек Қарағанды қаласында соңғы тәулікте 13 мың текше метрден астам қар шығарылған.
Надежда Орлова, Теміртау қаласының тұрғыны:
- Биыл қар өте қалың түсті. Өзім тазалайын деп далаға шығып едім, шаршап қалдым. Тынығып, шәй ішуге үйге кіріп кетіп едім, енді қарасам жастар маңайдың барлығын айнадай жарқыратып қойыпты. Көп рақмет, өзімнің қолымнан бұл келмес еді.