Алматы-Қапшағай бағытындағы көктайғақ күре жолға халық наразы
Аязды күндері күре жолдың Алматы мен Жетіген кенті аралығында жол апаттары жиі болады. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы Алматы-Қапшағай бағытында 63 көлік апаты болып, 75 адам жарақат алған. «Соңғы аптада қар қалың жауып жел екпіні күшейді. Ал жолды уақытылы тазартуға техниканың үлгермей қалатын кездері болады»,— дейді жауаптылар.
Владимир Нефедкин, көлік жүргізушісі:
-Таңертең көктайғақ болады. Құмды уақытылы сепсе дұрыс болар еді ғой. Қар жауған кезде уақытылы тазартып тұру қажет. Күнара бір көліктің жолдан шығып, не бұзылып тұрғанын көремін.
Мерей Шахарбаев, «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы директорының орынбасары:
-Желдің қатты болу кезіндегі көктайқаққа қарсы материалдардың ұшып кетуі, соған қарамастан жол жамылғысын әрдайым біздің қызметкерлер назарда ұстап отыр. Қазір 42 шақырымында бізде 15 арнайы техника, қырыққа жуық адам жұмыс жасап жатыр. Жыл басынан бері 700 тоннаға жуық арнайы көктайғаққа қарсы материалдар төселді.