Елімізде аяқ киім бағасы тағы қымбаттауы мүмкін
«Ал бұған тауарды маркалау сеп болып отыр. Өйткені әрқайсысының бағасы 3 теңгедей тұратын марканы әрбір аяқ киімге жеке-жеке жабыстыру қосымша күш пен қыруар қаржыны талап етеді», — дейді ірі алыпсатарлар. Кәсіпкерлердің сөзінше: «Марканы сатып алудан бастап онлайн кассаны жаңартуға дейінгі қосымша шығын шамамен 760 мың теңге. Ал бұл аяқкиім бағасын 30% өсіруге мәжбүрлейді. Оған қоса аталған шара контрафактілі өнімнің алдын алады деу қисынсыз», — дейді аяқ киім импорттаушылар. Айта кетейін, Қазақстанда 2021 жылдың қарашасынан бастап аяқ киімді цифрлық таңбалау енгізілді. Осы күнге дейін ерікті болып келген дүние енді сәуір айында кәсіпкерлер үшін міндетті болмақ.
Кәміл Бектеміров, кәсіпкер:
-Мемлекет тауар айналымын кеден органдары мен виртуалды қойма арқылы қадағалап отыр. Солай бола тұра бізді неге жеке компанияға тиесілі марканы сатып алуға мәжбүрлеп отырғаны түсініксіз. Осы арқылы біз өз қолымызбен оларға ақпарат беріп, әрі байытып жатырмыз. Үкімет, бұл, көлеңкелі бизнеспен күрес дегенді айтады. Бірақ оны кәсіпкерлердің есебінен жүргізу дұрыс емес. Сондықтан маркалауды ерікті қылуды сұраймыз.