Елордалықтар көк түтіннен толық арыла алмай отыр
Ал олардың мұржасынан шыққан улы газ жақын жердегі тұрғын үй кешендеріне төте барады. «Жағдай желсіз күндері тіпті, ушығады», — дейді, тұрғындар.
Жел тұрмаса, Астананың аспанын көк түтін торлайды. Әсіресе газ толық тартылмаған аудандарға қиын. Солардың бірі, қаланың оңтүстік-шығыс бөлігі. Ондағы жер үйлер, көппәтерлі тұрғын үйлердің тап іргесінде орналасқан. Салдарынан көппәтерлі үйлердің тұрғындары ыспен демалып отыр.
Ал жергілікті билік өкілдері «қала бойынша газ құбыры жеткен аудандарда жер үйлердің 70% астамы көгілдір отынға қосылды», — деп отыр. Бұл он шақты тұрғын алабы мен 4 шағын аудан. Осылайша 8 мыңға жуық жеке баспанаға газ кірген. Тағы 4 мыңдайында мүмкіндік бар екен. Сонымен қала көк түтіннен жуық арада құтылуы мүмкін бе?
Мақсат Есмағұлов, қалалық Отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің жетекшісі:
-Әрине, құтылуы мүмкін. Ол, сөзсіз. Себебі жалпы газдандыру түгелімен аяқталғаннан кейін, үш кезек, иә?! Атмосфераға деген зиянды қалдықтардың мөлшері 40 мың тоннаға түседі деп жоспарлап отырмыз. Айта кетейік, қазір әлі қаламызда түтін болуы бар. Бірақ тұрғындардың өздерінің айтуы бойынша бұрынғы деңгейде емес. Себебі мысалға, «Юго-восток» тұрғын алабында бізде 70% астам тұрғын үйлер бізде газға қосылған. Яғни ол өзінің көмегін тигізіп жатыр. Нақты несін көру үшін бізде жеке тұрғын үйдің барлығы өтуі қажет.
Енді газ құбыры әлі толық тартылмаған Тельман, Пригородный, Қараөткел және Байқоңыр ауданы қалып отыр. Оларға биыл газ тарату желілері салынбақ. Ал астананың ауасын ластап отырған тағы бірнеше нысан бар. Олар жылу қазандықтары. Жауаптылардың сөзінше, қолданыстағы осындай 2 коммуналдық мекеменің біреуі қазір толықтай газға көшіпті. Екіншісі алдағы жылдары ауыспақ. Жаңадан салынатын үшінші қазандық та газбен жұмыс істейтін болады.
«Ал қаланы түгелдей сұйық отынмен қамтамасыз ету алдағы 3-4 жылдың ішінде аяқталады», — дейді әкімдіктегілер. Сондықтан елордалықтар әлі бірнеше жыл осындай қолқаны қабатын көмір иісімен тыныстай бермек. Себебі әзірге басқа амал жоқ.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Айбын Құсанбеков