Риддердегі жылу орталығындағы ақау шыққан көмір беру цехы жөнделіп жатыр

Қызыл жалын дер кезінде сөндірілгенімен, қаладағы үйлерде жылу температурасы біршама төмендеген.

Қазір жылу орталығындағы ақау шыққан көмір беру цехы жөнделіп жатыр. Мұндағы 4 қазандық та мазутпен жұмыс істеп тұр. Бес күнге жететін мазут қоры бар.

Даниал Ахметов, облыс әкімі: 
- Қазіргі таңда осы жерде 380 тонна мазут бар. Жолда тағы 960 тонна келе жатыр. Сонда 1200 тонна мазут бар. 3 күннің ішінде барлығын қалпына келтіреміз. 

Елжас Талқанов, «РИДДЕР ЖЭО» АҚ өндірістік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
- Қазіргі уақытта Риддер жылу орталығында 4 бу қазандығы жұмыс істеп тұр. Барлығы 6 бу қазандығы бар. Оның біреуі – резервте, біреуі – жөндеуде. Түнгі 12-ге дейін жөндеу жұмысы бітеді. 

Энергетиктердің есебінше, Риддердегі жылу орталығын толық қалпына келтіру үшін 8 млрд теңге қаржы қажет. Ал кәсіпорынның бұған мүмкіндігі жоқ. Жекеменшік компания қарызға белшесінен батқан. Тек қана жөндеу жұмысын жүргізетін ұйымдарға 3 млрд теңге берешек. «Орталықтың ісін ілгері бастырудың бір ғана жолы бар. Мемлекеттің құзырына беру керек. «Бұл шешімді 22 мың тұрғын күтіп отыр», дейді облыс басшысы.

Авторлары: Азамат Қасым, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин