Президент журналистерге қарсы бағытталған қылмыстар бойынша тергеуді мұқият жүргізуді жүктеді
Оның айтуынша, қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттің беделіне нұқсан келтіру үшін жасалған бұл заңсыз әрекеттердің орындаушылары ғана емес, тапсырыс берушілері де анықталуға тиіс. Тілшілерге шабуыл жасау деректері, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің де бақылауында. Ведомство басшысының орынбасары Данияр Қадыров осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша алдымен болған оқиғалар бойынша құқық қорғау органдары өз бағасын беруге міндетті. «Тергеудің аяқталуын күту қажет», — деді ол.
Данияр Қадыров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:
-Журналистерге шабуылдар жасау мәселесі министрліктің қатаң бақылауында. Қазіргі таңда бұған баға беру әлі ерте деп есептеймін. Өйткені құқық қорғау органдары өзінің іс-шараларын өткізіп, өзі баға беру керек. «Масс-медиа туралы» заңның аясында журналистерге жан-жақты қорғау, беделін арттыру мәселелері кеңінен қамтылған.
Алматыда журналист Динара Егеубаеваның көлігін өртеп, жұмыс істейтін редакциясының есігін сындырған күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасын тағайындау мәселесі шешілуде. Бұл туралы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады. Заңсыз әрекет 14 қаңтарда болған еді. Күдікті ретінде 5 жасөспірім ұсталған. Олар екі тапсырысты да белгісіз адамнан интернет арқылы алғанын айтқан. Ақшасын да интернеттің көмегімен төлепті. Қазір тергеу жалғасуда. Сонымен қатар тапсырыс берушінің жеке басын анықтауға және оны ұстауға бағытталған кешенді жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ күні кеше журналист Вадим Борейко да полицияға шағымданған еді. Түн жамылып белгісіз біреулер оның пәтерінің кіреберіс есігін құрылыс көпіршігімен желімдеп кеткен.
Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция Департаментінің ресми өкілі:
-Азамат Борейконың арызы бойынша қазіргі таңда Бостандық аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімшесінде тергеу басталып кетті. Осы іске қатысы бар тұлғалар міндетті түрде анықталып жауапкершілікке тартылатын болады.