4% автонесие қашан жалғасады?
Былтыр көктемде басталған жеңілдетілген бағдарлама, жыл соңына жетпей қайта тоқтап қалған еді. Содан міне біраз уақыт өтті. Ал бұл жобаны бір Астананың өзінде мыңдаған адам күтіп жүр.
Қазір темір тұлпар тізгіндегендердің бар есіл-дерті осындай ескі көлігінен құтылып, мынадай су жаңа автомобильге қол жеткізу. Себебі көне көлік мінгендер жөндеуден көз ашпайды. Ал жаңаның аты – жаңа. Жайлылық пен сенімділік бар. Күтіп мінілсе, кемінде 5-6 жыл иесіне мүлтіксіз қызмет етеді. Бірақ, көпшілікке бұл қазір арман боп тұр.
Сол арманға жетуге сеп болады-ау деген жеңілдетілген автонесие бағдарламасы да әбден созбалаңға салынды. Аталған жобаның игілігін көргісі келетіндердің бірі – астаналық Айнаш Шойымбекова. Көпбалалы ана, темір тұлпарын ауыстырамын деген ниетпен ескі машинасын ерте бастан сатып жіберіп, енді жаяу жүр. Ал көздеген көлігінен әлі күнге дейін хабар жоқ.
Айнаш Шойымбекова, қала тұрғыны:
-1120-шы болып кезекке қойылдым. Ол жеңілдікпен көпбалалы отбасы ретінде. Ал егер де мен қарапайым тұрғындар ретінде кезекке тұратын болсам, 12 мыңнан ары қарай кете беретін болды. Сол үшін де мен осы жеңілдікті пайдаланғым келді. Қараша айында рефинансирование бойынша автонесиемен көліктер беріледі деген. 2023 жылдың қаңтарына қалдырылды деді.
Автонесиені күткендердің көңілін күпті ғып тұрған тағы бір мәселе, көліктердің ай сайын қымбаттауы. Айталық, жаңа жыл келе сала отандық зауытта құрастырылатын кей автомобильдерге 1 млн теңгеге дейін қосылған. «Автосалондар, мұны тасымалдау ақысының өсуі және су жаңа көліктердегі мүмкіндіктердің көбеюімен түсіндірсе, сарапшылар оны жылда қайталанатын жағдай», — дейді.
Артур Мискарян, сарапшы:
-Жыл сайын алғашқы тоқсанда жаңа көліктердің 10% дейін қымбаттауы қалыпты құбылыс. Бұл валюталық индексация мен көліктердің жаңаруына байланысты. Ал алдағы уақытта не болады дегенге келсек, биыл темір тұлпарлардың бағасы өткен 3 жылмен салыстырғанда едәуір тұрақты болады деп болжап отырмыз. Себебі бұған дейінгі жылдары баға қатты көтерілді.
Сонымен көпшіліктің көптен күткен автонесие бағдарламасы қашан басталады?
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
-Бағдарламаны осы айдың соңына дейін бастауға тырысамыз. Ал нақты күні алдағы күндері аталған тақырыпта өтетін брифинг барысында жарияланады. Әзірге айтарымыз, енді бұл жобаның механизмі өзгеріп, электронды кезек жасалады».
Мәселен, бұрын көлік алғысы келетіндер, алдымен автосалонға, кейіннен банкке баратын болса, енді олар бірінші кезекте аталған жобаның бірыңғай операторы саналатын «Өнеркәсіпті дамыту қорында» кезекке тұрады. Кезегі келген соң ғана армандаған көлігіне қол жеткізу үшін автомобиль сататын орындарға бас сұғып, есеп-қисап қағаздарын алады. Ал несие көлемі бұрынғыдай 10 млн теңге болып қала бермек.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Аян Сәрсенбаев