Кибералаяқтардан қалай қорғану қажет?
Кибераляқтардың құрбаны. Ақмола облысының 44 жастағы тұрғыны кибералаяқтарға алданып, бір жарым жыл бұрын 4 млн теңге несие алып берген. Кезінде қылмыстық іс қозғалғанымен, қазір тоқтатылған. Ал қылмыс жасағандар бостандықта.
Ирина Лейрихке осыдан 1,5 жыл бұрын алаяқтар қоңырау соғып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырады. «Сіздің атыңыздан несие алынып жатыр, оны қайтара аламыз», – дейді. Ирина басында қарсылық білдірген, алайда әлгі адам жылы сөйлеп, жанашырлық көрсетіп жатқандай кейіп танытқан. Оған сене қалған кейіпкеріміз өз телефонын алаяқтардың онлайн басқаруына мүмкіндік берген.
Ирина Лейрих, Ақмола облысының тұрғыны:
- Біріншісін алды. Екіншісін... Несиені кері қайтарамыз деп екі банктен 4 несие алыпты. 4 млн теңге алынды. Кейіннен із-түзсіз жоғалды. Алаяқ екендерін сонда түсіндім. Бізге күнде полиция қызметкері қоңырау соға бермейді ғой. Амалсыз басында сеніп қалдым.
Қазір оның банк карталары қара тізімге енген. Өйткені несие өтелмей жатыр. Айына 180 мың теңге төлем мойнында тұр. 200 мың теңгеге екі баланы жалғыз асырап отырған Иринаның осылай тауы шағылған. Құзырлы органдар кезінде іс бастағанымен қазір тоқтатып қойыпты.
Ирина Лейрих, Ақмола облысының тұрғыны:
- Бұл алаяқтыққа қатысы барлардың бәрі табылды. Аты-жөндері, қай жақтан ақшаны шешіп алғаны анықталды. Бірақ іс тоқтап тұр. Менің шағымдарым қараусыз қалып отыр.
Себебін сұрамақ болып, Ақмола облысының полиция департаментіне бардық. Олардың айтуынша...
Гүлнәр Пинчук, Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы:
- ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша СДТБТ-да тіркелді, тұлғаның анықталмауына байланысты іс тоқтатылды. Шоттары рәсімделген тұлғалардың тіркелген жері бойынша жеке тапсырмалар Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысының ПД-на жолданды. Ақшалай қаражаттың Алматы қаласында алынғаны анықталды, осыған байланысты жеке тапсырма Алматыға жіберілді. Қазіргі уақытта олар бойынша жауаптар келмеді.
Десе де бұл іс полицияның бақылауында. Ал кибералаяқтыққа қарсы күреспен айналысатын қордың мамандары: «күніне мұндай 5-6 шағым түседі», – дейді. Алаяқтардың жұмыс істеу тәсілі туралы да айтып берді.
Нұркен Шардарбеков, «Қазақстанның қаржылық мәдениеті» қоғамдық қоры директорының орынбасары:
- Студент, жас балдарға тапсырма беріп тастайды. Осындай ақша түседі. 10 процентін сен аласың да, киви кошелекке саласың дейді. Жұмсап отырады. Өздері де түсінбейді. Полицияға түскенде түсінеді. Ұйымдастырушылар көлеңкеде қалады.
Ал Ішкі істер министрлігі өткен жылы 20 мың кибералаяқтық дерегі тіркелгенін айтады. 6 қылмыстық топ ұсталған. Олардың басты call орталықтары шет елдерде орналасқан екен.
Жандос Сүйінбай, ҚР ІІМ КПД киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы:
- Қаңтар айында осы жолы бізде 1600-дан аса интернет алаяқтық тіркелді. Полиция қызметкері ретінде зводап, cпецоперация іс шара жүргізіп жатырмыз. Көмегіңіз қажет деп сұрайды. Полиция ешқашанда телефон арқылы іс-шара жүргізбейді. Бұл алаяқтардың ісі.
Нұрлан Әбдікәрім, тілші:
- Олардың тағы екі алдау әдісін айтайын. Бірі – мынадай әлеуметтік желіден хабарлама жібереді. Немесе сізде алтын билет бар. Көлік, пәтер ұтасыз деп қоңырау соғады. Сонда тұтқаны қоюға асыққаныңыз жөн. Ал екіншісі - онлайн дүкендер. Мамандар тапсырыс берген затыңыз қолыңызға тимейінше төлем жасамауды ескертеді!
Алаяқтардан сақтанудың жолдарына келер болсақ: ең алдымен AnyDesk, TeamViewer секілді бағдарламаны жүктемеңіз. Өйткені бұл қосымшалар сіздің телефоныңызды басқаруға мүмкіндік береді. Ал сіздің атыңыздан несие алынған жағдайда тездетіп банктен шоттағы соңғы әрекеттер жайлы анықтама сұраңыз. Құзырлы органдарға шағымданыңыз. Ең бастысы интернеттің сіз ойлағандай қауіпсіз емес екенін ұмытпаңыз.
Авторы: Нұрлан Әбдікәрім