Таразда сұйытылған газ тапшы
Жамбыл облысында газ құю станциялары жұмысшыларының 70% ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр. Себебі аймақта автогаз тапшы. Кәсіпкерлердің айтуынша, жауапты басқарма сұйық отынды әділетсіз бөліп отыр. Өңірде газ сатумен 30 шақты кәсіпкер айналысады. Бірақ аймаққа бөлінетін 5300 тонна газдың жартысын, тек 3 фирма иеленетін көрінеді. «Сондықтан тапшылық туындаған компаниялар жұмысшыларын қысқартып жатыр», – дейді кәсіпкерлер. Ал жауапты басқарма өкілдері бұл пікірмен келіспейді. Айтуларынша, сұйық отын министрлік бекіткен тәртіппен сатылады. Жағдай наурызда тіпті ушығуы мүмкін. Себебі Шымкенттегі газ өңдеу зауыты 45 күнге күрделі жөндеуге жабылмақ.
Гүлжамал Башығұлова, газ құю станциясының директоры:
- 300 тоннадай алушы едім, соны бірден 150 түсіріп тастады бірден. Ешқандай негізсіз, облыста газ жоқ деп. Басқа компаниялар бар, олар мың тонналап алады. Сонда әділеттілік қайда бұл жерде?
Мәулен Қожақов, облыстық энергетика басқармасының бөлім басшысы:
- Біз ұсыныс берген едік, жаңағы министрдің бұйрығына өзгеріс енгізу керек. Егер өзгерісті қабылдайтын болса, онда біз оптовиктердің реолизациясын есептемейміз. Розничныйлардікін есептейміз. Сол кезде тепе-теңдік болады.