Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары 18 ақпанға дейін жалғасады
Қондырғыны 23 ақпанда іске қосу жоспарланып отыр. Зауыттағы төтенше жағдайға байланысты 1 ақпаннан бастап кәсіпорында бензин, дизель отыны және авиакеросин өнімдерін шығару тоқтатылған. Жөндеу жұмыстарына арнайы құрылған жедел штабтан бөлек, Франция мамандары тартылды.
Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары басталғалы, Батыс Қазақстан облысында сұйытылған газ тапшылығы туындаған еді. Қазір жағдай тұрақты. 107 жанармай бекетінің 103-де автогаз сатылып жатыр. Ал қалған төртеуінде талонмен беріледі. Дәл қазір қорда 350 тонна сұйытылған газ бар. Тағы 150 тоннасы жақын күндері жеткізіледі. Өңір бір айда 5 жарым мың тонна газ тұтынады.
Павлодардағы мұнай-химия зауытындағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Өндіріс қайта іске қосылды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 23 мың 800 тонна жағармай қоры дайын тұр. Дизель отыны шаруаларға арзандатылған бағамен беріледі. Бір литрі 191 теңге. Сұйық отынды жеткізумен екі оператор айналысады. Қазіргі уақытта ақпан айына қажет жағармай алуға өтініштер қабылданып жатыр.
Ал Ұлытау облысында 840 тонна жанар-жағармай шаруаларға жеңілдетілген бағамен сатылады. Облыс әкімдігі дизель отынының шектік бағасын бекітті. Ол нарықтағыдан 10-15% арзан. Жалпы өңірде егіс көлемі айтарлықтай көп емес. 40-қа жуық шаруа қожалығы 33 мың гектар жерге дән сеппек. Қосымша 5 мың гектар аумақты пайдалануға беру мақсатында сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.
Оңтүстіктегі шаруалар болса көктемгі егіс қамына кірісіп кетті. Мақтаарал және Жетісай ауданының диқандары өткен аптадан бастап ерте пісетін қырыққабат пен қызылша дақылын егіп жатыр. Аудан шаруалары 2 мың гектардам астам жерге көкөніс егуді жоспарлап отыр.