Қарағанды облысында жасыл экономиканы дамыту мәселесі талқыланды
«Жасыл экономиканы» дамыту және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу. Бұл мәселе Қарағанды облысында өткен конференцияда талқыланды. Кәсіпорын басшылары мен экологтар және халықаралық сарапшылар ауаны ластайтын зиянды қалдықтарды қалай азайтуға болады деген сауалға жауап іздеді. Шараны Арселор Миттал Теміртау компаниясы ұйымдастырған.
Декарбонизация бұл атмосфераға таралатын көміртегі мен көмірқышқыл газын азайту процесі. Ал болат өндірісі әлемдегі энергияны көп қажет ететін сала. Сарапшылардың пікірінше, оны зиянды қалдықтан толық арылту қиын. Ол үшін өндірісті жаңғыртып, жаңа технологияларды пайдалану қажет.
Владимир Яблонский, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры:
- Біз жабдықтарды жаңартуды қолға алдық. Қазір кокс батареяларының жобасын жасап жатырмыз. Олар алдағы уақытта ескірген батареяларды алмастырады. Қазірдің өзінде ауаны ластайтын қондырғылардан бас тартып жатырмыз. Ол өз нәтижесін берері анық.
Елде ауаны ең көп ластау – энергетика саласы. Сарапшылар ондағы пештерді модернизациялаудың өзі тиімділікті 20% арттырады деп отыр. Ал министрлік өкілдері: «Экономика мен экология мәселесін қатар алып жүретін кез келді», – дейді.
Тұрар Жолмағамбетов, ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары:
- Әлемдік Арселорға қарасақ, Франция мемлекетінде осындай 11 миллиондық кәсіпорында тек декорбонизация үшін 1,8 млрд.еуро бөлініп жатыр. Ондағы мақсат – экологиялық шығындарды, парниктік газдарды 40% дейін төмендету. Әлемдік Арселорда үлкен тәжірибесі бар. Бюджеті де қарастырылған. Сол жұмыстарды біз осы Теміртауда өткіземіз. Мемлекет тарапынан жоспарды көрсет, бюджетті көрсет және біздің рөлімізді көрсет, біз бірге жұмыс бастайық.
Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға дейін Қазақстанды көміртегі бейтараптығына көшіру стратегиясын бекіткен. Ол жаһандық, климаттық трендтерді ескере отырып жасалған. Нәтижесінде, 2030 жылға қарай ауаға тарайтын зиянды қалдықтар 15% дейін азаюы тиіс.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар