Хабар телеарнасы

Қарағандыда қазына қаржысы ұрланды

Прокуратура дерегінше, Майқұдықтағы орталық жолды салуға бөлінген 12 миллиард теңгенің 2 миллиарды қолды болды. Қалалық жолаушылар көлігі және автомбиль жолдары бөлімінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сараптама нәтижесі көрсеткендей, құрылыс жұмыстарына сапасыз топырақ пайдаланылған. Ал кей учаскелерге битум тек құжат жүзінде төселген.

Ақпанда жауған жаңбыр Петропавл тұрғындарын әбігерге салды. Қала көшелерінде көктайғақ. Таң атқалы 58 азамат жығылып, түрлі жарақат алған. Қозғалыс қиындап, қоғамдық көліктер жұмысқа кеш шықты. Ал такси жүргізушілері бағаны 3-4 есе қымбаттатқан. Оқушылар мен колледж студенттері қашықтықтан оқуға көшті. Ертең де онлайн білім алады. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 

Каспий теңізінің жағалауындағы 21 жер телімі кәсіпкерлерге заңсыз берілген. Сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында мониторинг нәтижесінде туризмді дамыту үшін 3 жылға жалға берілген 14,7 сотық жер осы күнге дейін игерілмегені анықталды. Тағы бір кәсіпкер қонақ үй салу үшін жалға алған жер учаскесін сатып жіберген. Игерілмеген жерлерді мемлекетке қайтару туралы сотқа талап арыз берілді.