Тігін фабрикаларындағы шикізаттың біразы шетелден алынады
Жеңіл өнеркәсіпті мықтап ілгерілетсек, тігін фабрикаларындағы шикізаттың біразы отандық болар еді. Әзірге көбін шетелден алдырамыз. «Тері мен матадан бөлек, ине-жіп, түймеге дейін импорттық тауар»,— дейді жас тігінші Бақдәулет Парсаханов. Ол — заманауи технологияны меңгерген жаңашыл маман. Ерлерге арналған классикалық үлгідегі костюм, пальто тігеді. Орта мектепті бітіре сала, тігіншілікті меңгерген шебермен Гүлжан Көленқызы тілдесіп қайтты.
Бақдәулет қазір көктем мен күз мезгілдерінде киюге арналған пальто тігуде. Тапсырыс беруші шибарқыт матасын ұнатыпты. Басты мақсат — денеге қонымды, терлетпейтін сырт киім тігу. «Мұның сыры — жаңа технологияда жатыр», — дейді жас шебер. Бұл кеңестік кезден қалыптасқан ескі әдістен өзгеше. Киімнің ұсақ бөлшектері қолмен тігіледі. Бір костюмді тігуге бір ай уақыт кетеді екен.
Бақдәулет Парсаханов, тігінші:
-Технология — bespoke деп аталады. Біздің костьюмдер 70-90% қолмен тігіледі және барлық қағаз үлгілер, пиджактың, соның ешқандай дайын үлгі қолданбаймыз, тек қана клиенттің өлшемдерін аламыз да сол өлшемдермен белгілі бір формулалар арқылы тек қана сол клиентке ғана шақ болып келетін, пиджак тігеміз, костюм тігеміз.
Мынадай үлгідегі костюмдерді тек сән журналынан көруге көз үйренген. Шын мәнінде, Бақдәулеттің қолынан шыққан классикалық киімдер бұдан еш кем емес. Мәселен, үстіндегі костюм өз қолынан шыққан. Айтпақшы, Бақдәулеттің ине ұстап, тігін тігуіне анасы қарсы болыпты. Бірақ іздене жүріп, ұстазы Әсет Аймановтан небары алты айдың ішінде костюм тігуді меңгеріп алған соң, таңдауының дұрыстығына анасының көзі жетеді.
Бақдәулет Парсаханов, тігінші:
-Ата-анам басында қарсы болды деуге болады. Өзім үйреніп жүрген кезімде бірінші қалталарды кішкентай маталарға істейтінмін. Әр қалтаны мамаға апарып көрсетіп мақтанып, сол кезде солай болған. Сол кездерден бастап талпынысымды әрнеге қуанатынымды көріп, өзі де қолдай бастады сол кезде.
Бақдәулет ерлердің классикалық киімін тігіп қана қоймай, әлеуметтік желіде талғаммен киінудің сырымен бөліседі. Әзірге оның бірегей костюмдеріне тапсырыс аз. «Алайда дененің ерекшелігіне қарай киім тіктіріп кию мәдениетінің қалыптасуына аз да болса үлес қоссам, бұл мен үшін үлкен жеңіс», — дейді жаңашыл тігінші.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев