Қасиетті Рамазан айы 23 наурызда басталады
Мұны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді. Қадір түні сәуір айының 17-сінен 18-іне қараған түні деп белгіленген. Ал 21 сәуір – Ораза айт мейрамы. Осылайша мұсылман қауымы 29 күн ауыз бекітеді. Пітір садақасының мөлшері биыл адам басына 535 теңге деп белгіленіп отыр. Қайырымдылық пен ізгілікке толы қасиетті айдың қарсаңында Бас мүфти қазақстандықтарға үндеу жасады.
Наурызбай Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:
- Сауда орталықтарының басшыларына қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10% жеңілдетсе деген өтінішіміз бар. Осы сәтті пайдаланып, барша қауымға қасиетті айда арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілегімізді жеткіземіз.