Мемлекеттік қызмет көрсету саласында 46 мыңға жуық заңбұзушылық болған
Яғни азаматтардың бірі қажетті анықтамасын кеш алса, енді біразы әкімшілік кедергілерге тап болған. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мәлімдеді. Құзырлы орган арнайы мониторинг жүргізіп, қажетсіз және қағазбастылыққа әкеледі деген кейбір іс-шараларды мүлдем алып тастауды ұсынып отыр. Мәселен, көлікті заңдастыру кезінде оның салығы мен түрлі төлемдерін төлемей, жаңа құжат алу мүмкін емес. Агенттік өкілдері: «Айыппұл немесе комиссия қызметке кедергі болмауы тиіс», – дейді. Сондай-ақ электронды үкімет порталы, уақытша істен шыққан кезде тұрғындарды күттірмей, өтінішті қабылдай беретін жағдай жасау қажеттігі айтылды.
Салауат Мүксімов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:
- Мемлекеттік қызмет көрсету саласында 91 қызмет түрі комиссиялар шешімінің негізінде көрсетіледі. Оның ішінде бірқатар комиссиялардың қажеттілігі жоқ. Мысалы, әскери қызметте кейінге қалдыру туралы мәселе комиссиялық түрде шешіледі. Алайда кейінге қалдыру заңда жазылған, арнайы құжаттармен расталады. Бұл мәселе талқылауды қажет етпейді.