«Самарқанның көк тасы еріген күн»: астарлы мәні неде?
Қазақтың дәстүрлі ұғымында «Самарқанның көк тасы еріген күн» деген сөз бар. Жер бусап, тоң жібитін мезгілге қатысты айтылады. Ал Самарқанның нақ өзі немесе тұтас өзбек халқында мұндай түсінік жоқ. Дегенмен ежелгі Әмір Темір мемлекетінің астанасында көктастың бары рас. Шығыстың жаңа жылына оның қандай қатысы бар? Астарлы мәні неде?
Ұлыстың ұлы күні - қазаққа ғана емес, өзбекке де тән мейрам. Ала шапанды ағайын шығыстың жаңа жылына тыңғылықты дайындалады. Ең әуелі ауыл-аймақта асар ұйымдастырылып, су жолдары тазартылады. Ұлттық асханасына келсек, ұн мен бидайдан жасалатын ерекше тағам бар. Қыз-келіншектер оны 24 сағат бойы үлкен қазанда қайнатып, үзбей араласатырады.
Хилола Халмұратова, Ташкент облысының тұрғыны:
-Наурыз - біздің халқымыз үшін ерекше мереке. Бұл күні бір-бірімізге құрметіміз артады. Ұлттық тағам сүмәләкті әзірлейміз. Оны дайындау кезінде ұйымшылдық, береке-бірлік ұғымдары насихатталады.
Ал Самарқанда әйгілі көктастың бары рас. «Көктем шыға аласа тау биігіндегі мұз еріп, арасынан жасыл жарып шығады», — дейді этнографтар. Табиғат ана бусанатын сәтте ежелгі хандар да рақымшылыққа бет бұрып, кінәлілерді жазадан босатқан деген деректер айтылады.
Қалдыбек Сейданов, қазақ-өзбек әдеби мұраларын зерттеуші:
-«Самарқанның көк тасы еріді» деген сөз екі түрлі мағынада қолданады. Біріншісі, Әмір Темірдің адамдарды соттап, әбден қинаған кезіндегі жағдайда туындаған сөз. Жазаны жеңілдетіп, алып тастайтын кезеңімен түсіндіріледі. Онан кейін Ұлықбектің обсерваториясында наурыздың жаңарған күні болып есептелінеді.
Бірақ бұл тек қазақы дәстүр-пайымға сай ұғым. Көршімізде «Самарқанның көк тасы жібиді» деген сөз мүлдем тілге тиек етілмейді. Ал жалпы Наурызға қатысты құндылық ортақ. Бұл мейрам жыл басы әрі жақсылықтың нышаны іспеттес.
Авторлары: Рауан Мыңбаев