Павлодар облысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық қызды
Оңтүстік облыстарда көктемгі дала жұмыстары қарқын алса, солтүстік аймақтарда дайындық қызған. Ақмола облысы биыл 5,2 млн гектар алқапқа дән себеді. Дала жұмыстарына 20 мыңға жуық техника жұмылдырылмақ, 530 тонна тұқым дайындалған. Ал Павлодар облысында 152 мың тоннадан астам тұқым әзірленіп, сараптамадан өтті. Жоспарланған 17 мың 800 тонна минералды тыңайтқыштың 12 пайызы алынған. Техника сақадай сай. Ауыл шаруашылығын қолдауға мемлекеттен 3,5 млрд теңге субсидия бөлінген. Бұл қаржы минералды тыңайтқыштарды алуға, тұқым сапасын жақсартуға және сумен қамтамасыз етуге бағытталады. Сонымен қатар 24 мың тоннаға жуық жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді.
Марат Ақтаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Операторлық қызметті қоса есептегенде дизель отының бір тоннасы 228 мың теңгені құрайды. 1 литрі 191 теңге. Бұл нарық бағасынан 39 теңгеге немесе 17%-ке арзан. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы басқармасында жеңілдетілген дизель отынын алушылардан өтінімдер қабылданып жатыр.