Қараөткел ауылында қоғамдық көлік жетіспейді
30 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенге небары 2 бағытта автобус қатынайды. Олардың өзі ауылды толық қамтымайды. «Оның үстіне кейде кешігіп келеді», — дейді тұрғындар.
Қараөткел ауылының шеткері аумақтарындағы тұрғындар шағымын жарыса жеткізді. «Халық қоғамдық көлік мәселесі әбден қажытты», — дейді. Ал айналдырған екі автобустың аялдамасына жету үшін көбі бірнеше шақырым жаяу жүруге мәжбүр.
Ербол Зағиалов, Қараөткел ауылының тұрғыны:
-Осыдан ары қарай 3 км жаяу жүреді. Бір аялдама, бір автобус жоқ. Сол 3 км ішінде адаммен неше түрлі жағдай болуы мүмкін. Балалардың құдыққа түсіп кеткен кездері болды. Жолдың шетінен машина қағып кеткен балалар болды. Сондықтан бізге көбірек автобус керек.
Гүлмира Яковлева, Қараөткел ауылының тұрғыны:
-Ең соңғы көшеде тұрамын. Алыс. Мектепке баланы жаяу апарамыз. Кейде такси шақыртып аламыз. 4 рет таксимен жүреміз. 2 мың кетеді күніне. Айына 30 мың тек таксиге кетеді.
«Ал қыстың қақаған аязы мен күз, көктемнің жаңбырлы күндері тіпті, қиын», — дейді тұрғындар. Әсіресе қарттар мен балаларға ауыр тиеді.
Айкерім Өтегенова, Қараөткел ауылының тұрғыны:
-Жылда осылай ғой. Бұрын жарайды, ана жақта жол болмаған. Ол жақтарға автобус жіберуге жол болмады. Қазір енді асфальт бар. Жолдың жарығы бар. Остановочный заездер бәрі бар. Белгілер орнатылған.
«Бірақ соның өзінде автобус келмейді», — деп налиды қараөткелдіктер. Мәселенің мән-жайын ауыл әкімінен сұрап көрдік.
Азамат Мұқышев, Қараөткел ауылының әкімі:
-Бұл мәселені былтырдан бері көтеріп жатырмыз. Себебі хат та жаздық. Облыс аумағында да көтердік бұл сұрақты. Автобустың схемасында да сыздық. Негізі 35 пен 36-ның маршруты қысқа. Енді бұлар қазір автобустың жетіспеушілігін айтып отыр. Өйткені Астана қаласында автобустар қазір сынып тұр. Бізге «Астананың өзінде жетіспеушілік боп жатыр» деп жауап берді.
Көлік тапшылығын қалалық әкімдіктің өкілдері растап отыр. Айтуларынша, бас шаһарда 400-ден астам автобус жетіспейді. Дегенмен Қараөткелдің мәселесі биыл шешіледі деп сендірді.
Нұрлыбек Аюпов, тасымалдаушы компанияның өкілі
-2023 жылдың аяғына дейін автобустардың жеткізілуін күтудеміз. Автобус жеткізілгеннен кейін №35, №36 бағытындағы автобустарды көбейтеміз санын. Сонымен қатар сол Қараөткел, Үркер тұрғын алабына жаңа маршрут қосу жоспарымызда бар. Алайда оған анализ жасау керек. Сол үшін оның қашан болатынын айта алмаймын нақты.
Сонымен алдағы шілде айында Қараөткелдің қазіргі көлік қатынасына тағы 4 автобус қосылмақ. Әрі олардың бағыты өзгеріп, елді мекеннің барлық аумағын қоғамдық көлікпен қамту жоспарда.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков, Аян Сәрсенбаев