Фермерлер субсидиялауға өтінімді gosagro.kz әзірлеушілермен бере алады
Енді ауыл шаруашылығы саласына берілетін субсидияның барлық түрі осы ақпараттық жүйе арқылы іске асырылады. Ол мемлекеттік болғандықтан, көрсетілген қызметке ақы төлеудің де қажеттігі жоқ. Ең маңыздысы субсидияны кім, қандай мөлшерде алғандығы сайтта ашық көрсетіледі. «Ал жердің шын мәнінде игерілгендігі ғарыштық мониторингпен бақыланады»,–дейді мамандар.
Қазір барлық өңірде көктемгі дала жұмыстарына дайындық қызған шақ. Алдын ала нақтырақ айтсақ, 1 ақпанда субсидияны рәсімдеуге арналған gosagro.kz сайты іске қосылды. Бірақ онымен жұмыс жасау бертінге дейін шаруаларға оңай болмады.
Мейір Әбітаев, шаруашылық басшысы:
- Бірінші мәселе – субсидиялау кезінде порталдың жұмыс істемей қалуы. Екіншіден, электронды счет-фактуралар дейміз, сол уақытында жүктелмейді. Үшіншіден, субсидиялау жүйесі өз бетімен есептелмейді.
Сөйтсе мәселе тек жүйеде емес, оны дұрыс қолданбауда екен. Ауыл шаруашылық министрлігі барлық жайтты пысықтап, фермерлер мен облыстық басқарма қызметкерлері үшін оқыту ұйымдастырыпты. Бәрін нұсқаулыққа сай жасаса, қиындық тумайды деп сендірді. Тіпті бүгінге дейін 12 мың фермерден жалпы сомасы 6,1 млрд теңгені құрайтын субсидия алу туралы өтініш қабылданыпты.
Бернат Алпысбеков, ҚР АШМ департамент директоры:
- Фермер алдымен өзінің электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы жүйеді тіркелеуі қажет. Тек содан кейін ғана өтінім бере алады. Мақұлданған жағдайда ол «Күту парағына» түседі. Жауапты мамандар ол адамның өтінішін толық орындап бітпей келесі фермердің құжатын өңдей алмайды. Яғни реттілікті бұзу, өзінің таныс-тамырын алдымен өткізіп жіберу сынды әрекетке жол берілмейді.
Ал өтініштің қай сатыда тұрғанын фермермен қатар кез келген қазақстандық көріп бақылай алады. Мұндай ашықтық бұрын-соңды болған емес. Тағы бір жаңашылдық.
Дамир Егізбаев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Кім үлгерді, сол алды. Үлгермеді, қалды. Бұрын сондай принцип болды ғой. Қазір ондай жоқ. Сен егініңді жаса. Жұмысыңды бітір, ыңғайлы кезде бере сал болды.
Былайша айтқанда, субсидия алуға құқылы шаруа өтініш берсе, тізімде нешінші тұрғанына қарамастан, тиісті ақшасын міндетті түрде алады. Былтыр бұл мақсатқа 450 млрд теңге жұмсалыпты. Қаржыландыру биыл да осы жобада болады деп болжануда. Айтпақшы субсидияның санаты оның түрлеріне қатысты ақпартты да осы Госагро сайтынан табасыз. Бұл жаңа платформа. Сондықтан түрлі олқылықтар болуы мүмкін. Мамандар соны негізге алып, жүйені жетілдіріп отырады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Мұхеметали Тілдебаев