Семейдегі оқушы өліміне қатысты тергеу басталды
Бұл туралы Абай облыстық полиция департаменті хабарлады. Оқыс оқиға 7 сәуірде болған. 13 жастағы бала түскі ас кезінде есінен танып қалған. Алғашқы медициналық көмек дереу көрсетілгенімен оқушы жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған. Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша бала тамақтың ірі кесектеріне шашалып, тыныс алу жолының жабылуына байланысты механикалық асфиксиядан көз жұмған. Ол интернатқа Семей қалалық психологиялық-медициналық педагогикалық кеңесінің шешімімен қабылданған екен. Оған «ақыл ойының жеңіл кемістігі бар» деген диагноз қойылған.
Елубек Оспанов, облыстық ПД коммуникациялар бөлімінің жетекші маманы:
- Осы факті бойынша Әуезов аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп тексеруді бастады. Оның шеңберінде қажетті сот-медициналық сараптама тағайындалды. Істің толық, жан жақты тергелуі үшін қажетті тергеу амалдарының барлығы жүргізілуде.