Хабар телеарнасы

Көкшетауда 70-тен астам автобус жүргізушісі жетіспейді

Салдарынан қоғамдық көліктер арасындағы уақыт аралығы ұзарған. Ал жолаушылар болса сағаттап тосуға мәжбүр. Түйіткілді мәселе қашан шешімін табады? Жауапты кәсіпорын басшылары не дейді? 

Биыл Бүркітбай Жүсіпбековтың автобус тізгіндегеніне тура 37 жыл. Тәжірибелі азамат жыл сайын қоғамдық көлікті жүргізу қиындап бара жатқанын айтады. «Себебі қаладағы көлік қозғалысы шиеленісе түскен. Сондықтан жұмысы ауыр, жауапкершілігі жоғары қызметке жастар келгісі келмейді», —дейді ол.

Бүркітбай Жүсіпбеков, автобус жүргізушісі:
-Жастар қазір келгісі келмейді. Қазіргі табыс мүлдем аз демеймін. Бірақ аз. Себебі басқа жұмыстарға қарағанда кісілерді тасымалдау ауыр жұмыс. Барлық шопырға әсері тиеді. Демалыс аз болады.

Маман тапшылығының салдарынан автобустардың тең жартысы қаңырап тұр. Ал оның зардабын қарайып халық тартып отыр. Өйткені қоғамдық көліктердің уақыты қысқарып, интервалы ұзарған.

Шағын шаһардағы қоғамдық көлік қозғалысына үш кәсіпорын жауапты. Олар алдағы 5 жылда мүлдем жүргізушісіз қалудан қауіптенеді. Себебі қазір бар қызметкерлер өз еркімен жұмыстан кетіп жатқан көрінеді.

Әсия Шәрімова, автобус паркінің бас директоры:
-50% жүргізушілер 60-қа жақындағандар. Тіпті 50% асып кетеді. Бұл санмен қарағанда алдағы 5-6 жылда бізде мүлдем автобусқа отыратын адам болмайды. Өйткені дайындық жоқ. Мен өзі бұл проблемманы көтергеніме 10 жылдан асып кетті. Барлық платформаларда жаздым, айттым. Бірақ бұл мәселе ешқашан шешілген жоқ.

Жалпы Көкшетау қаласында бір тәулікте 140 автобус жүруі тиіс. Бірақ бүгінде соның тек 94-і ғана жұмыс істеп тұр. Мұның басты себебі – жүргізуші тапшы. Ал жауапты сала мамандары мәселенің қашан шешілетінін дөп басып айта алмайды.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко