Қостанай облысында жаңа автобустар қаңтарылып тұр
Автобус бар, құжаты жоқ. Қостанай облысында наурыз мерекесі қарсаңында күллі елдің алдында кілті табыс етілген мектеп автобустары тұрақта қаңтарылып тұр. Ал шалғай ауылдардың оқушылары ескі көліктермен қатынауға мәжбүр. Естеріңізге сала кетейік, бір ай бұрын 13 аудандық білім бөліміне 28 автобус берілген. Бәрі де Қарағандыда құрастырылған, жалпы құны 1 млрд теңгеден асады. Жылдамдық шектегіш, қауіпсіздік белдігі, ауаны баптау жүйесімен жабдықталған. Алайда автобустардың жолда жүруге рұқсат құжаттары болмай шықты.
Абылай Омаров, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Барлық автобустар шығарушы зауыттың кепілдігінде тұр. Сондықтан GPS орнатудағы әр өзгеріс өндірушімен келісілуі керек. Бұл өте ұзақ процесс. Қазір құжаттар дайын, енді GPS орнатып сақтандыру шартын жасау үшін мемлекеттік сатып алуға конкурс жарияланды. Мамыр айында автобустар жолға шығуы тиіс.