Астанада ақ түтек боран
Астанада ауа-райы күрт өзгергелі бүгін төртінші күн. Алғашында жаңбырдан бастау алып, кейін қарға ұласып, соңы боранға айналған. Жауған қардың қалыңдығы 37 сантиметрден асқан. Мамандар бұл көрсеткіш айлық нормадан екі есе көп дейді. Есесіне жұмыс аптасы елордалықтар үшін қауырт басталды.
«Биылғы көктем ерте келді» деген астаналықтардың қуанышы ұзаққа созылмады. Демалыс күнгі жоспарлар өзгерді. Бүгін мектептер қашықтан оқуға ауысты. 30-дан астам рейс кешіктірілді. Қалада қозғалыс қиындады. Жетер жеріне әр адам әртүрлі жолдарды таңдады. Бірі қазақы көлікті ерттеп мінсе...
Өздеріңіз көргендей түсірілім барысында бірнеше көлікке көмектесіп үлгердік. Ал жалпы қала бойынша құтқару қызметіне яғни 112 нөміріне 3500 астам қоңырау түскен. Олардың басым бөлігі қар құрсауында қалған көліктерді шығару бойынша өтінімдер. Жалпы қала қозғалысына қиындық тудырып жатқан тағы бір мәселе ол – жүргізушілер көліктерінің дөңгелектерін жазғы маусымдық дөңгелектерге ауыстырып тастауында. Олар қазір мүлдем қозғалуға келмейді.
Соңғы тәулікте 144 жол көлік оқиғасы орын алған. Олар көктайғаққа қарамай жылдамдық режимін, аралық норманы және қауіпсіз қашықтықты сақтамағандар. Жолдағы оқыс оқиға кезінде екі азамат зардап шеккен. Айта кетейік, қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимдегі жұмысқа көшкен. Олар қазірге дейін қаладан 23 мың текше метрден астам қар шығарған.
Дархан Мұсабеков, «Астана тазалық» ЖШС Атқарушы директоры:
-Үш ауысымда жұмыс атқарып жатырмыз. Жұма соңына тезірек қарды қала сыртына шығарып тастау керек. 2200 адам жол жұмысшылары қар тазалауға, 1000 техника жұмылдырылған.
Ал «Қазгидромет» болжамы бойынша елімізде қолайсыз ауа-райы әлі бірнеше күнге жалғасуы мүмкін. Оңтүстік аймақтарда дауыл найзағай, солтүстік, солтүстік батыс, орталық және шығыста көктайғақ, бұрқасын күтіледі.
Ақмарал Смағұлова, «Казгидромет» РМК инженер-синоптигі:
- Атмосфералық фронталды бөлімдерінің өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде ауа райынының тұрақсыз сипаты сақталады. Скандинавия аудандарынан Солтүстік батыс антициклонның енуінің әсерінен 18-20 сәуірде еліміздің солтүстігінде, орталығында, шығысында түнде ауа-температиурасы 7-15 аязға дейін төмендеуі күтіледі.
Дегенмен келер аптада ауа-температурасы қайта жоғарылауы ықтимал.
Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Айбын Құсанбеков