Хабар телеарнасы

Елімізде ілеспе аударма мамандарына сұраныс артып келеді

Бірақ салада кадр тапшылығы байқалады. Әсіресе қазақ тілінен басқа тілдерге аударатын мамандар жоқтың қасы. Жалпы республика бойынша 50-ге жуық аудармашы бар. Алайда жартысынан астамы — орыс тілден басқа тілдерге аударатын мамандар. Бұл мәселе Сенатта да көтерілді. Көзге көрінбейтін, бірақ еңбегі орасан мамандыққа көңіл бөлінбеуіне не себеп? 

Қарашаш Рақымжанқызы 2008 жылдан бері ілеспе аудармашы болып жұмыс істейді. Негізгі мамандығы — журналист. Салада қажеттілік болған соң, алғашында баяндамаларды аударып бастаған. Кейіннен орыс және қазақ тілді еркін ілеспе аудармаға ауысады.

Қарашаш Исмайлова, ілеспе аудармашы:
-Сөйлеп отырған адаммен жарысып тыңдап отырып, оны басқа тілге беру — өте күрделі нәрсе. Халықаралық деңгейдегі іс-шараларда көптілден аударамыз ғой. Арабша сөйлеп тұрса, аппарат арқылы орысшасын тыңдап, қазақшаға береміз. Айтылған сөздердің мазмұнын бұрмаламай беруім керек. Өйткені ол қаншама тілге аударылады. Ең үлкен жауапкершілік осы. 

Жалпы айтқанда ілеспе аударма — тілмаштық қызмет. Ал аударманы қажет еткен адам құлаққап арқылы тыңдай алады. 

Ілеспе аудармашыларға қойылатын талап та көп. Қолдағы қағаздың дыбысы шықпауы керек. Артық әрекеттер болмайды. Негізінен жұмыс уақытында екі ілеспе аудармашы отырады. Бірі шөлдесе не шаршаса, бәлкім жөтел қысса,екіншісі бірден алып кету керек. Сондай-ақ жиында сандар, жылдар, бәлкім мекенжайлар айтылса, ақпараттың анық берілуі үшін жанындағы серігі түртіп алып, көрсетіп отырады. 

Бұл сала елге тәуелсіздік жылдарынан кейін келген. Өйткені жиындар бірте-бірте қазақ тілінде өте бастады. Қазақ тілінен орыс тіліне аударатын мамандар даярланды. Бірақ соңғы жылдары бұл бағыт қайта кенжелеп қалған. Елдегі алғашқы аудармашылардың бірі Камал Әлпейісова да бұл мәселені жылдар бойы көтеріп келеді. 

Камал Әлпейісова, филология ғылымдарының кандидаты:
-Азаматтардың мемлекеттік тілге көзқарасы жақсару керек. Сонда ілеспе аудармашыларға сұраныс пайда болады. Қазақша сөйленген әрбір сөйлем залда отырған адамдарға жететіндей болу керек. Қазақ тілін дамыту үшін керек. Үлкен ғылыми, саяси жұмыс тілі болу керек.

Елде ілеспе аудармашыларға штаттық жұмыс қарастырылмаған. Тек келісімшарт есебінде жүреді. Еңбекақысы жұмыс жүктемесіне қарай. Мәселен, 9 сағатқа 80 мың теңге. «Бұл өте төмен баға», — дейді аудармашылар. «Ал кадр даярлау үшін екі жоғарғы оқу орнында ғана факультеттер ашылған. Бірақ орыс-ағылшын аудармасы. Сондықтан қазақ тілді арнайы кадрлық курстар қажет»,— деп бұл мәселені Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп те көтерді.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Қызықтыру керек. Жастар көбісі білмейді. Шапшаң ойлауға сөздік қоры мол адам болу керек. Көптеп шығару міндет емес. 100, 200, 500 аудармашы даярладық деген әңгімеден гөрі, сапалық қасиеті жоғары болу керек. Қаншама шет тілді мамандар келеді. Сол кезде сапалы сауатты аудармашылар болса, бір толқынды ақтайды.

Тіл саясаты комитеті 2011-2019 жылдары ілеспе аударма бойынша 4 күндік семинарлар өткізген. 50-ден аса маман оқытылған.

Гаухар Мадан, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі басқармасының бас сарапшысы:
-Парламент депутаттарының сауалдарына байланысты әзірленіп жатқан тіл саясатын жетілдіру тұжырымдамасына сәйкес бұл курсты өткізу жоспарлануда. 2024 жылдан басталады. 

Ал сарапшылар қазақ тілінен орыс тіліне ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымынының 6 жұмыс тіліне тікелей аударатын мамандарды даярлауға басымдық беруді ұсынып отыр. Сонда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңеюі мүмкін. Ең бастысы өз тіліміздің еңсесі түспесін дейміз.

Авторлары: Нұрлан Әбікәрім, Дархан Күнтуов, Болатбек Табалдиев