Биыл Ақмола облысына 1 млн астам турист келеді деген болжам бар
Қазір аймақтағы 400-ге жуық демалыс орны жазғы маусымға қызу дайындық үстінде. Әсіресе Бурабай мен Зерендіге сұраныс жоғары. Курорттық аймақ өкілдері осы жылы туристерді қалай таң қалдыра алады? Биылғы баға қандай болмақ?
Бұл — Зерендідегі демалыс орындарының бірі. Мұнда бір мезетте 300-ге жуық адам тыныға алады. Демалыс орны көл жағасында орналасқандықтан, келушілер тарапынан сұраныс артқан.
Юлия Шумилова, демалыс орнының әкімшісі:
-Иә, бізде қазір маусым, шілде айларына бронь жүріп жатыр. Бізде ашық аспан астындағы бассейн, арқан жолақтар, ағаш үстінде арнайы жасалған бөлмелер бар. Жазғы маусымға толығымен дайынбыз. Ал Бурабайдағы демалыс орындары емдік-сауықтыру шараларына басымдық беріп отыр.
Әйгерім Шыңғысова, демалыс орнының директоры:
-Біздің қонақүй отбасылық болып келеді. Медикалық емдер қосып жатырмыз. Бассейн, спа, хамамдардан бөлек емдік шараларды көбейтіп жатырмыз.
Иә, қос өлке де туристерді ең алдымен өзінің тылсым табиғатымен тамсандырады. Саф ауасы мен ну орманы адамды еріксіз баурап алады. Ал бағасы көрсетілетін қызмет сапасына сай емес деп есептейтіндер көп.
Андрей Подгурский, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:
-Жалпы Бурабай қымбат деген халық арасында пікір қалыптасып қалған ғой. Бірақ біздегі баға туристердің тікелей өздеріне, яғни алатын қызмет түрлеріне байланысты. Ал жалпы биылғы баға жан басына шаққанда 15 мың теңгеден басталады.
Бұдан бөлек, курорттық аймақтардағы қордаланған бірнеше мәселе де осы жылы шешімін таппақ. Оның бірі қоқыс болса, енді бірі — көлік тұрағы.
Андрей Подгурский, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:
-Бурабай курорттық аймағында қосымша тағы 100 қоқыс жәшігі орнатылады. 57 контейнер мен 27 контейнерлік алаң да қарастыралған. Сондай-ақ 500 орынға шақталған көлік тұрағын да салып жатырмыз.
Жалпы жыл санап өңірдегі туризм түрленіп келеді. Сондықтан демалушылардың қауіпсіздігі мен оларға көрсетілетін қызмет сапасын көтеру маңызды.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный