Сәтбаевтағы перзентханада жас босанған аналар дәлізде жатыр
Сәтбаев қаласындағы перзентханада бос палата жоқ. Жас босанған аналар дәлізде жатыр. Себебі Жезқазғандағы перинаталды орталық екі аптадан бері санитарлық тазалау жұмыстарына жабылған. Қос қаланың жүктемесін қатар алып жүруге шағын бөлімшенің шамасы жетпей жатыр. Ал облыстық перинаталдық орталық мамандары «жылына бір мәрте санитарлық тазалық жасау үшін, босанатын келіншектерді көршілес қалаға жіберу қалыптасқан жағдай», — дейді. Тек биыл қос қаланың жүкті келіншектерін қабылдайтын орынның мүмкіндігі ескерілмеген көрінеді.
Жадыра Танкауова, облыстық Перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі:
-Орын жетіспегендіктен, соңғы екі-үш күнде әйелдер көп босанғандықтан, ол шындық, коридорда жатыр. Енді 27 сәуірден, осы бүгіннен бастап жоспарлы өңдеу аяқталып, жұмыс орнымызға көпсалалы ауруханада көше бастадық.
Еркебұлан Бейсенбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
-Мойкаға жабылады роддомдар, ол барлық жерде бар. 2012 жылы шыққан бұйрық бұл. Сондықтан да осындай қолайсыз жағдайлар болып тұрады. 130 сәби дүниеге келді, ол бір Жезқазған қаласы бойынша. Аналардың бәрі аман-есен, сәбилерін дүниеге әкеліп, балаларын бауырына басып жатыр. Ешқандай төтенше жағдайлар болған жоқ.