Хабар телеарнасы

Елімізде қан донорлығын дамыту қажет

Сала мамандары осылай дейді. Елордада отандық және шетелдік трансфузиолог мамандар бас қосып, тәжірибе алмасты. Алыс-жақын шет мемлекеттерден келген сарапшылар қан донорлығын дамыту және оның компоненттерін қолдану тетіктерін талқылады. Сондай-ақ ғалымдар қан құю ережелерін, онкологиялық дертпен күресудің жаңа әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Мамандардың айтуынша, жыл сайын 90 мыңға жуық отандасымызға түрлі қан компоненттері қажет болады. Ал қордағы қан ұзақ сақтауға келмейтіндіктен, үнемі жаңартылып отыруы қажет.

Зәурет Әлменова, қан орталығының трансфузиолог дәрігері:
-Алынған қанды біз ұзақ сақтай алмаймыз. Қанның қызыл түйіршіктері болады, эритроциттер, оны біз 42 күнге дейін ғана сақтай аламыз. Қан жасушаларын тұтас қаннан айырып аламыз, олар — тромбоциттер. Оның сақтау мерзімі 5-7 күн. Оның сақталу температурасы қолайсыз, 20-22 градуста микробтар көбейіп кетеді. Сол себепті бізге қанның тромбоцит жасушаларына донор көп керек.