Хабар телеарнасы

Павлодар облысында жаңа су арнасының құрылысы жүріп жатыр

Әуелі Ертіс жағалауында соңғы станциясы салынады. Одан кейін мамандар электрмен жабдықтау ісіне кіріседі. Нысанның ең қымбатқа түскен бөлігі —13 шақырымдық бетон магистралі. Ол 10 мың гектар егіс алқабын суаруға жетеді. Осылайша, Ертіс өңірінде жаңа суармалы егіс алқаптары пайда болады. Бұл жоба осыдан 3 жыл бұрын басталып, пандемия кезінде тоқтап қалған еді. Мердігерлер «келер жылы іске қосамыз», — деп отыр. 

Әділбек Шапатов, Қ.Сәтбаев атындағы канал директорының орынбасары:
-«Ертіс – Успен» каналын қалпына келтіру ісі бес кезеңнен тұрады. Бірінші кезең — каналды бірінші аванкамераға жеткізу. Бүгінгі таңда су арнасы түсетін жолдарды ағаштардан тазарттық. Түбін ретке келтірдік. Бұқтырмадан су босатылған соң су арнасын тазартумен айналысамыз. Бұл жұмыстар мамыр айының аяғына жоспарланған. Тамыз айында бірінші кезеңін толық аяқтаймыз.

Есентай Мұсалимов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
-Жаңа су арнасының бойында 40 шақты шаруа қожалығы құрылады. Ол 52 жер телімі. Павлодар Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясы 8 жер учаскесін бөліп отыр. Негізгі басымдық қант қызылшасына беріледі. Өнім болашақ қант зауыты үшін шикізат қоры болмақ.