Қарағандыда қазақ тілін үйрететін «Үйде сөйле» клубы ашылады
Жоба «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі бастамасымен қолға алынды. Енді кез келген жергілікті тұрғын өзіне қолайлы уақытта мемлекеттік тілді меңгеру мүмкіндігіне ие болады. Білікті сала мамандарынан дәріс алып, білімін шыңдайды. Жоба қалай жүзеге асады?
«Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму». Бұл күні кеше өткен сессияның тақырыбы. Өз сөзінде Президент «Қоғамда жаңа идеялар, жаңа институттар, жаңа қоғамдық қатынастар белсенді қалыптасып келеді. Қоғам мен мемлекеттің бейнесін өзгертетін нағыз реформа дегеніміз осы екенін айтты. Сондықтан ондағы тапсырмалар баршаға ортақ болуы тиіс.
Ермағанбет Бөлекбаев, облыс әкімі:
-Сессияда ел Президенті Ассамблея алдындағы кезеңдерді айқындап берді. Мәдени және басқа да қоғамдастықтардың қызметіне тың серпін беру мәселесіне айрықша назар аудару керектігіне назар аударды. Ассамблея жұмыс тәсілінде қазіргі заманға сай ұйымдастыру міндетін де қойды.
Қарағандыда «Достық үйі» бар. Онда әрбір этномәдени бірлестіктің өкілі өз мәдениеті мен тілін еш кедергісіз дамытуына мүмкіндік жасалған. Бірақ олардың барлығын біріктіретін – Тәуелсіз Қазақстан. Демек қазақ тіліне басымдық берілуі тиіс. Мұны Қарағанды облысында «Ассамблея жастары» лигасы жүзеге асырмақ.
Зият Сәдуақасов, «Ассамблея жастары» лигасының волонтёры:
-«Сөйле» клубының негізгі мақсаты үйден шықпай-ақ қазақ тілін, біздің мемлекетті насихаттау болып табылады. Сонымен қатар мемлекеттік тілді дамыту. Сөйтіп біз әрқайсына мемлекеттік тілдің негізін ұлттық нышанға келтіріп, соны үйретеміз. Сол біздің негізгі мақсатымыз болып табылады.
Сондай-ақ Президент «бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою қажет» екенін айтқан болатын. Облыс әкімі өңірдегі ұлттар татулығы көпке үлгі бола алатынын жеткізді.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар