Саябақтар қашан ел игілігіне беріледі?
Қазір жарым-жартылай салынған демалыс орындары қаланың сиқын бұзып тұр. Абаттандыру жобалары қашан халық игілігіне беріледі?
Бұл жер бұрын бос жатқан. 2021 жылы бюджеттен қаржы бөлініп, саябақ салына бастады. Бірақ сол күйі бітпей тұр. Ал қыстың күні жылу құбыры жарылып, тас төсеніштер қопарылып қалған.
Алексей Трифонов, қала тұрғыны:
-Жер астындағы құбырды жылда қазып жөндейді. Міне тас төсеніштерді алып, орнына қоймай кетті. Бұл бір. Екінші мәселе – ауламызда көлік қоятын жер жоқ.
Бұл қаладағы бітпей тұрған тағы бір саябақ. Міне бәрі орта жолда қалған. Құрылыс материалдары шашылып жатыр. Күн жылынса да, жұмыс істеп жатқан тірі жан жоқ.
Мына жерде бұрын үлкен көше болатын. Қазір жартысына саябақ алып, көлік қатынасы қиындаған. Жұмыстың созылып кеткеніне жүргізушілер де, тұрғындар да наразы. Ал билік өкілдері: «Керісінше халық пікірін ескереміз», - деп кешігіп айтады.
Эльмира Сәдуақасова, қалалық Әкімдіктің баспасөз хатшысы:
-Тұрғындардың айтқан пікірін ескеріп, осы жобаға өзгерту енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл учаскіге екіге бөлінеді. Бір жағы ол автокөлік үшін жол болады, екінші жағы ол сквер болады.
Екі саябақ бір көшенің бойынан салынып жатыр. Шенеуніктердің айтуынша, демалыс орындары биылдан қалмай пайдалануға беріледі.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков