Астанадағы Алматы ауданында сенбілік сәтті өтті
62 мыңға жуық тұрғын 8 мың көшет отырғызған. Одан бөлек аулалар мен саябақтарды қоқыстан тазартты. Игі іске Алматы ауданының тұрғындары да белсенді болды.
Қала тазарып, көк жаңарсын деген тұрғындар жалпықалалық сенбілікке бір кісідей атсалысты. Алматы ауданының өзінде 16 мыңға жуық табиғат жанашырлары көшелер мен аулаларды, саябақтарды қоқыстардан тазартты.
Төлеген Қуанышов, Астана қаласының қоғамдық кеңес мүшесі:
-Атадан мал қалмаса да, тал қалсын дейді. Алматы ауданының тұрғындары түгел міне келіп, тал отырғызып жатыр. Болашақта осы жерлер кәдімгі саяжай болып, тұрғындар келіп демалатындай орта болады ғой деген оймен еңбектеніп жатырмыз.
Ағымдағы жылы бұл шара 4 рет ұйымдастырылды. Бұған дейін 500-ге жуық жасыл желек отырғызылған. Бұл сенбілікте Президент саябағында 300-ге жуық көшет отырғызылды.
Мұхамедияр Қожекенов, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:
-Осы айлықтың аясында ауданымызда 2500 жасыл желек отырғызу жоспарланған. 2023 жылы 10 мыңға жуық жасыл желек отырғызу біздің жоспарымызда бар. Сондықтан сенбі сайын біздің ауданымыздың белсенді тұрғындары осы ұйымдастырылып жатқан сенбіліктерге шақырамыз.
Жиналғандардың арасында қазақстандық әуе компания өкілдері, кәсіпкерлер, спортшылар мен шенділер және елшіліктегі азаматтар да белсенділік танытты.
Кэти Лич, Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
-Қасым Жомарт Тоқаев биыл Қазақстанда 2 миллиард ағаш отырғызылатынын айтқан болатын. Жасыл желек жобасының Қазақстанда қолдау табатынына қуаныштымын. Осында келіп, өз көмегімізді көрсетіп жатырмыз.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, сенбілікті алдағы уақытта 3 мәрте өткізу жоспарда. Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын белсенді болуға шақырады.
Авторлары: Диана Қадыр, Самат Оспанов