Хабар телеарнасы

Ақмола облысында биыл 29 млн түп ағаш егіледі

Осылайша 13 мың гектардан астам алқап жасыл желекке айналмақ. Қазіргі таңда аймақта көшет отырғызу жұмыстары басталды. Негізгі басымдық Бурабай, Зеренді мен Сандықтау аудандарына беріліп отыр. 

Бұл Бурабай ұлттық паркіне қарасты Золотой бор орман алқабы. Қазір мұнда қайнаған тірлік. 20 гектар жерге қарағай мен қайың көшетін отырғызу жоспарланған.

Берік Сәдуақасов, орманшы:
-Бір күнде бір адам 700 түп ағаш отырғызады. Ал жұп болып жұмыс істесе ол көрсеткіш екі есеге өседі. Күнделікті қойылатын талапты орындап жатырмыз. Қазір бізде 8 участок бар. Ауа-райы осылай болып тұрса мамыр айында жұмысты аяқтаймыз.

Осы жылы ұлттық парк аумағындағы 65 гектарға 500 мыңнан астам ағаш егу жоспарланған. Көшеттер парк базасындағы тұқымбақта өсіріледі. «Ашық алқапқа отырғызылатын жас талдар ерекше күтімді қажет етеді», — дейді сала мамандары.

Әлия Әбдірахманова, «Бурабай» ұлттық паркінің инженері:
-Көшеттерді отырғызғасын бізде 15 күн ішінде қабылдау жұмыстары басталады. Яғни барлық ағашты санап, тексереміз. Жазғы кезеңде көшет маңындағы арам шөптерді жұламыз. Үш жыл ішінде бұл жұмыс 5 рет жүргізіледі. Ал күзге қарай егілген көшеттерді қайта санаймыз. Орташа есеппен 75-80% жуығы жақсы өсіп шығады.

Көшеттердің жайқалып өсуі сапалы тұқымға байланысты. Осы ретте, Арқаның суығына шыдайтын ағаш тұқымдарын сұрыптау маңызды. Бүгінде өңірдегі екі ауданда арнайы тұқымбақтар салынып жатыр. Қос нысанда жылына миллиондаған көшет дайындалмақ. Жалпы 2025 жылға дейін Ақмола облысында 225 млн түп ағаш егіледі деп жоспарланған.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Щинкоренка