Алматы облысының тұрғындары дәрігерлік амбулаторияға шағым жасады
Жыры бітпейтін амбулатория. Алматы облысы Талғар ауданы, Талдыбұлақ ауылының тұрғындары осылай деп жауаптыларға шағымын айтты. Жұртшылықтың көкейінде бір ғана сұрақ: «Дәрігерлік амбулаторияны жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?» Медициналық мекеме өткен жылдың соңында пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ тапсырыс беруші мен мердігер мекеме келісе алмай жұмыс тоқтап қалған.
Қазір Талдыбұлақтағы дәрігерлік амбулатория кафе ғимаратында орналасқан. Ауыл тұрғындарына медициналық қызмет осы жерде көрсетіледі. Себебі 2021 жылдың соңында медициналық мекеме күрделі жөндеуге жабылған. Тапсырыс беруші нысан бір жылдан соң қайта ашыладын деп сендірген.
Баян Есенбаева, Талдыбұлақ дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі:
-Біз осы кафені жалдап отырмыз. Әрине қолайсыздау. Әрбір врачқа жеке-жеке кабинет керек. Бір жерде отырғаннан кейін шулы болады және процедураларымызды жасаған кезде де қолайсыздау. Бірақ бұл уақытша.
Дәрігерлер бұл уақытша дегенмен Талдыбұлақтағы амбулаториядан дау арылмай-ақ қойды. Еске сала кетейік, ғимарат 2015 жылы жаңадан салынып қолданысқа берілген. Бірақ 5-6 жыл өтпей жатып, жарамсыз болып қалған. Қабырғасы қақырап, іргетасы шөгіп кеткен. Бұрынғы мердігерден қайыр болмаған соң бұл іске инвестор тартылады.
Жанат Хасенов, инвестор:
-Қазір негізгі жұмыс аяқталды. Бірақ тоқтап қалды. Оның өзіндік себебі бар. Сөздің шыны керек, мердігер мекемемен келіспей қалдық. Қазір келісімшартты бұзып басқасын қарастырып жатырмыз. Құрылыстың белгілі талабы бар. Медициналық нысанға тіптен күшті. Кафель, есік, қабырғасы түгел ережеге сай болуы тиіс. Техникалық аудит бірқатар кемшіліктерді анықтады. Бәрін заңдық тұрғыда тіркедік.
Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары өткен жылдың қараша айында аяқталуы тиіс болған. Қазір инвестор мен мердігер бір-бірін сотқа сүйреп әлек. Ал қарапайым халық болса, сапалы медициналық қызметке зәру. Онда жұмыс істейтін 30-ға жуық маман да құрылыс тез аяқталса деген тілекте.
Зинахан Түргенбаева, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны:
-Ғимарат бұларға ыңғайлы емес. Бұл ғимарат уақытша тұрып жатқандары, біз де соған көніп отырмыз..
Айбала Оразақова, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны:
-Ауыл адамдарына жағдай жасалмай жатыр. Барлық қызметкерлер бір үлкен залда отырады. Ол залда барлық адамдар бір ауамен демалады. Вирустардың бәрі бір-брімен алмасады..
Ауылда 8,5 мыңнан аса халық тұрады. Оның 2500-ге жуығы балалар. Медициналық нысан күніне 100-ге тарта адамды қабылдайды. Тапсырыс беруші компания басқа мердігерді тауып, онымен келісімге келіп, жұмысты бастаған жағдайда тағы 3-4 ай керек деп отыр. Талдыбұлақтықтардың күтуден басқа амалы жоқ. Тек құрылыс тағы созылып кетпесе игі.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев