Жамбыл облысындағы Қонаев ауылының оқушылары апатты мектепте оқуға мәжбүр
Білім ордасының едені опырылып, қабырғалары жарты ай бұрын жарылған. Сондықтан оқушылар директордың кабинетінде оқуға мәжбүр.
Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Қонаев ауылындағы мектеп 2015 жылы қолданысқа берілген. Бірақ оқу ордасының іші қирап жатыр. Мектептің бастауыш бөлігінде қабырғалар жарылып, едені ойылып кеткен.
Бастауыш блоктың ең қатты зардап шеккен бөлігі — мына дәліз. Мұндағы еден 50 сантиметрге дейін жерге опырылып түскен. Айта кетерлігі бұған дейін мұндай апатты жағдай былтыр мектептің негізгі бөлігінде орын алған.
Мектеп басшылығы жағдайдың екі апта бұрын болғанын айтып отыр. Екі қабатты бастауыш ғимарат апатты болғандықтан, ондағы 100-ден аса бала көшірілген. Қазір оқушылар кітапхана мен әдістемелік және директор кабинетінде дәріс алуға мәжбүр.
Баян Тәжиева, тәрбиеші:
-Балаларға мына жерде ыңғайсыз, біз сабақ өте алмаймыз. Өзімізге қолайсыз болып тұр.
Мектепті жөндеу жұмыстарына былтыр 9 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. «Ағарту ошағы қолданысқа берілгелі мәселеден көз ашпадық», — дейді мұғалімдер.
Рымжан Омаров, мектеп директоры:
-Ол жердің бірінші қабатының құрылысы дұрыс жөндеп жасалмаған шығар. Астында шұңқыр болған, погриб болды деп жатыр елдер. Соның үстіне соғылған мектеп.
Бауыржан Самылтыров, Т. Рысқұлов аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бүгінгі күні жасалған жұмыстың артынан тағы да ақаулар анықталды. Ол кеткен ақаулар бойынша мердігер тарапынан бүгінгі күні кемшіліктерді қайта қалпына келтіру бойынша барлық материалдар мектепке толық жеткізілді. Ертең жөндеу жұмыстары басталатын болады.
Жөндеу жұмыстарының нақты қашан аяқталары белгісіз. Бұған дейін Құлан мен Қарақат ауылдарындағы ағарту ошақтары оқу жылына дайын болмай, балалар мәдениет үйінде білім алған еді.
Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә