Хабар телеарнасы

Петропавлда болған өртке байланысты төтенше жағдай жарияланады

Бұл туралы қалалық әкімдік өкілдері хабарлады. Естеріңізге сала кетейік, жетінші мамыр күні «Береке» ықшам ауданында қамыс өртеніп, тілсіз жау жер үйлерге тап берген еді. Салдарынан, тоғыз баспана толығымен жанып кетті. Тағы екеуі тұруға жарамсыз. Бүгінде он бір отбасының жетеуі уақытша баспаналарға орналастырылды. Қалған төрт жанұя туған-туыстарын паналауға мәжбүр. Баспана иелеріне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық өтемақы төленеді. Ал төтенше жағдай жарияланған соң, мамандар барлық шығынды есептейді. 

Эльмира Сәдуақасова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
-Ашық үкіметтік емес ұйымдардың сайтында төтенше жағдайды енгізу бойынша жоба енгізілді. Қазір ол онлайн қаралып жатыр. Қаралғаннан кейін әділет департаментіне жіберіледі. Тіркелгеннен кейін төтенше жағдай жарияланатын болады. Төтенше жағдай бізге осы зардап шеккен тұрғындарға барынша материалдық көмекті заң аясында көрсетуге қажет.