Ақтауда үйдің кіреберісіндегі маңдайшаның құлауынан жұмысшы қаза тапты
Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқыс оқиға күндіз 12 шамасында 9-шағын аудандағы 4-ші үйде болды. Куәгерлердің айтуынша, сервистік қызмет көрсету мекемесінің 3 қызметкері төбеде дрельмен тесу жұмыстарын жүргізіп жатқан сәтте кенет подъездің күнқағары құлаған. Үйінді астында қалған 53 жастағы ер адам көз жұмды. Тағы бірі аяғынан жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Үшінші жұмысшы дін-аман. Олар тұрғын үйге сервистік қызмет көрсететін мекеме жұмысшылары болып шықты. Тұрғындар подъезд төбесі бірнеше жыл апатты жағдайда тұрғанын айтады.
Валерия Фурсина, қала тұрғыны:
- Үйге перфератордың даусы естіліп тұрды. Бір мезет қатты дыбыс шығып, сыртта адамдар айқайлап жатты. Есік алдына шыққанымда бір адам ақсаңдап жүрді. Тағы бірі қиранды астында жатты. 20-ға жуық адам бетон сынығын көтеріп, шығарып алды. Бірнеше рет жедел-жәрдем шақырдық. Дәрігерлер келгенімен жұмысшы көз алдымызда қайтыс болды.