Жамбыл облысындағы ауылдар ауызсуға жарымай отыр
Жамбыл облысында бүкіл ауыл тұрғындары бір құдыққа қарап отыр. Тұрар Рысқұлов ауданындағы Әбілқайыр елді мекенінің халқы ауызсуды кеңестік кезеңде қазылған жалғыз құбырдан алады. Тұрғындар: «Сол тіршілік нәрін түлігімізбен бірге 30 жылдан бері тұтынып келеміз», деп ашулы.
30 жылдан бері Әбілқайыр ауылының тұрғындары осы жалғыз құдықпен жан бағып отыр. Мал да, жан да осы жерден су ішеді. Ал ауыл қариялары болса мына сынды бөшкелерге су толтырып, сай саланы аралап, тіршілік нәрін тасуға мәжбүр. 100-ден аса тұрғыны бар алақандай ауыл Тәуелсіздік алғалы тіршілік нәрінен тарығып келеді. Сондықтан мұндағы ел егін салып, бау-бақша өсіруді қойған. Ауылдықтар ауызсуды 60 жыл бұрын салынған артезиан құдығынан алуда. Оның өзі машақат.
Сыдыха Нәдірова, ауыл тұрғыны:
- Жаңбыр жауған уақытты мына жердің бәрі, біздің жер саздақ, мына жердің бәрі батпақ белуардан. Біз тек жаяу адам емес, машина да түсіп кетіп жатыр мына жерден.
Омар Биқоңыров, ауыл тұрғыны:
- Батпаққа кіріп суды шығара алмай бала-шаға, кемпір, шал құлап қыстыгүні де тайып құлап жығылып, травма алғандар да бар. Ешқандай шарт жоқ. Душ жоқ шомылатын, ванна жоқ, туалет жоқ.
Қараша халық бұған дейін өздері ауладан құдық қазып, су шығармақшы болған. Бірақ таулы аймақ болғандықтан, артезиан сулары 150-200 метрден шығады. Аудан билігі бұдан хабардар. Тұрғындар ауылға әлі күнге ауызсу желісі салынбағанына ашулы.
Қабілет Әбдірахманов, т. Рысқұлов аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Әбілқайыр ауылына биылғы жылға бізге кешенді блокты модуль қою жоспарланып отыр. Сол кешенді блоктың модуль қойылуы үшін 56 млн теңгенің сметасы дайындалып, бюджеттік өтінім тапсырылды. 56 млн теңге бөлінсе, мәселе шешіледі.
Бүгінде Тұрар Рысқұлов ауданындағы 42 елді мекенінің 32-іне су тартылған. Ал 100% қамту үшін жауаптылар тағы 2 жыл қажеттегін алға тартып отыр.
Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә