Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында 92 жаңа амбулаториялық орталық салынады

Қазір қажетті жер бөлініп, жұмыс басталып кетті. Ауылдардағы медицина нысандары замануи жабдықтармен қамтылмаған. Кейбірінде амбулатория атымен жоқ. Медицина мекемелерінің құрылысы қашан аяқталады?

Қарағандыға іргелес Новоузенка ауылындағы халық саны 1600-ден асады. Жергілікті амбулатория мына аядай үйдің жартысына орналасқан. Денсаулығы сыр бергендер дәрігерге қаралуға келген күннің өзінде сыймай әбігер болады. Осыдан халық та, дәрігерлер де мезі болған.

Мереке Сыздықов, ауыл тұрғыны:
-Ең қиын болып тұрған халыққа ол — амбулатория. Мынау екі бөлмелі үй өзі. Иесі ар жағын сатып жіберген, енді бер жағын сатамын деп, қоқаңдап жылда қорқытады. Енді биыл салса амбулаторияны халық риза болады.

Жанна Бекмағамбетова, амбулаторияның терапевт-дәрігері:
-Жас балалар да, кәрілер де бәрі бірге отырады. Отыратын жеріміз аздау. Медбике де, дәрігер де, акушерка енді бөлек болғанымен бәрібір бірге қатынап, қайта-қайта есік ашылып кедергі болып тұрады.

Ел тілегі ескеріліп алдағы екі жылда Қарағанды облысында жаңадан 92 медициналық нысан бой көтеретін болды. Оның барлығы дәрігерлік пункты жоқ болған шалғайдағы ауылдарда салынады.

Бибігүл Төлегенова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы 
-Жаңа типтік жобаларда күндізгі стационар, физио-терапиялық кабинеттер, емдік дене тәрбие кабинеттері мен реабилитациялық бөлмелер болады. Онда облыс орталықтарына шықпастан медициналық қызмет алуға мүмкіндік жасалады. Себебі қазіргі адамдар замануи қызмет алғысы келеді. Сол жағынан барлық жағдай жасалады.

Кадр мәселесі де өзекті. Биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 70-ке жуық жас маман ауылды жерге тартылады. Оларға 5 млн.теңгеге дейін бастапқы жәрдемақы беріліп, баспанамен қамту жоспарланған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар