Ұлытау облысындағы Жошы кешеніне жол салынып жатыр
Ұлытауда Жезқазған мен Жошы хан кешенін жалғайтын жол құрылысының екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Тікелей Президенттің пәрменімен қолға алынған жоба өңірде туризм саласын дамытуға жол ашады. Себебі өзіміз білгенімізбен, өзгелерге жұмбақ Жошы мазарын тамашалауға ниеттілер қатары көп.
Ұлытау даласында республикалық маңызға ие 12 тарихи-мәдени кешен бар. Солардың бірі де бірегейі Жошы хан кесенесі. Айналасына үлкен кешен тұрғызылып, Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өткелі мұнда келуге ниеттілер қатары тіптен артты. Сәтбаев-Малшыбай-Домбауыл-Жошыхан бағытындағы мына жол сол туристер үшін салынып жатыр.
Жомарт Бегаев, облыстық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
-Бұл негізінен Президенттің тапсырмасына сәйкес, нақты туристерге арналып салынып жатқан жол. Бұл жерде Жошы хан мен Алаша хан кесенелерінің ортасын қосу мақсатында.
Елдос Кәкенов, тілші:
-Жолдың негізгі табаны өткен жылы төселген. Қазір геотекстиль қатталып жатыр. Мамандар: «Ылғал өткізбейтін отандық өнім жол сапасын екі есе арттырады»,–дейді мамандар. Ал одан әрі үш қабатты асфальт жамылғысы түсетін болады.
Жалпы ұзындығы 20 шақырым жол бойына 1 көпір мен 20-дан астам су өткізу құбырлары салынады. Жоба республикалық қазынадан қаржыландырылады. Құны 6,5 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары үш жылға жоспарланған. Дегенмен сметалық құжаттарды қайта нақтылауға жіберген жоба авторлары қаржыландыру мәселесі шешілсе, жыл соңына дейін жоспарды толығымен орындауға ниетті.
Әнуар Дәрібеков, мердігер компанияның өкілі:
-Құрылыс басында 60-тан астам адам жұмыс істеп жатыр. 49 техника жұмылдырылған. Әзірге жолдың ортаңғы қабаттары төселеді. Егер қаржыландыру мәселесі шешілсе, құрылыс жұмыстарын биыл жыл соңына дейін аяқтаймыз.
Жол құрылысы тарихи кешен басындағы қызмет көрсету ісіне кедергі емес. Мамырдың 1-інен туристік маусым басталып кеткен. Осы аралықта бұл жерге 2 мыңнан астам адам саяхаттап келген. Ал былтырғы маусымда 23 мың отандық және шетелдік турист аялдаған. Сала мамандары жол құрылысы аяқталған соң саяхатшылар нөпірі еселеп артатынына сенімді. Облыста бұдан бөлек Хан ордасы, Алтыншоқы тарихи орындарына жол салу жұмыстары да қолға алынған.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева