ШҚО-да өртке қарсы тактикалық оқу-жаттығу өтті
Апат айтып келмейді. Бірақ қол қусырып қамсыз отыруға да болмайды. Ел аймақтарында өртке қауіпті кезеңге дайындық күшейді. Былтыр шығыста алапат өрттен 11 мың гектар орманды алқап күлге айналғаны естеріңізде ғой?! Таулы-қыратты аймаққа от тисе, өшіру оңайға соқпайды. Осы өңірдегі 91 мың гектарды құрайтын Черемшанка орман шаруашылығында тактикалық оқу-жаттығу өтті. Мамандар найзағай түсіп, орман отқа оранғанда қалай іс-әрекет етуі керектігі пысықталды. Елді мекен жақын болғандықтан құтқарушылармен қатар әскерилер, орманшылар өртті сөндіруге кірісті. Жаттығу кезінде төтенше жағдайлар қызметінің техникалық әлеуеті пысықталды. Эвакуацияға қанша уақыт кететіні де есептелді. Жаттығуға тікұшақпен қатар 50 техника 190 адам қатысты.
Нұржан Өміржанов, ШҚО ТЖД басқарма бастығы:
- Орман шаруашылығы қызметкерлері өрттің таралуына жол бермеу мақсатында минералданған жолақтар жасады. Жалпы мұндай оқу жаттығулар азаматтық жеке құрам мен құтқарушыларға, орман шаруашылығы қызметкерлеріне өртті сөндіруде өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік берді.