Биыл мақта егілетін алқаптар азаяды
Биыл мақта алқабы 15 мың гектарға азаюы мүмкін. Бұл суды үнемдеу үшін жасалып отырған шара. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты. Ақ алтынның орнына монодақылдар егу көзделген. Ол суды аз тұтынады, әрі жиналған өнімнен мақтамен салыстырғанда үш есеге дейін артық табыс табуға болады. Ал күріш алқабын күрт төмендетуге болмайды. Себебі сұраныс жоғары. Оның үстіне күріш егілмесе, Қызылорда облысының топырағы тұзданып кетеді. Министр тамшылатып және жаңбырлатып суаруға көшу жайында да айтты. Қазір мұндай әдіс еліміз бойынша 278 мың гектар жерде қолданылуда. Алыстан іздеп қажеті жоқ, бұған қажет құрылғылар енді өзімізде шығарылатын болыпты. Атап айтқанда Израиль, Қытай және Түрік компаниялары Алматы мен Атырауда зауыт салып жатыр.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Суармалы жерлерді пайдалану және суды үнемдеу мәселесі еліміз үшін аса маңызды. Көтерілген түйіткілдердің бәрі еліміз бойынша мыңдаған шаруаның кәсібіне тікелей қатысы бар екені анық. Сондықтан осы отырыста айтылған барлық ұсыныс назардан тыс қалмауы керек.