Елімізде айыптаушылар мен прокурорлар тапшы
Әділдік іздеген ағайын Астанаға ат арытып келіп, арызданбай, шаруасын жергілікті жерде шешуі керек. Бірақ бірқатар кемшін тұстарымыз бар. Елордада өткен мемлекеттік айыптаушылар форумында Бас прокурор осылай деді. Берік Асыловтың сөзінше, соттағы істердің көптігіне қарамастан, кей өңірлерде 2-3 мемлекеттік айыптаушы ғана бар. Оның үстіне прокурорлар тапшылығы айыптаушылар жұмысына қосымша кедергі келтіруде. Ал 1 маусымнан бастап апелляциядағы істердің қарастырылу тәртібі өзгеретіндіктен, жұмыс тіпті көбейеді. Қалыптасқан ахуалға байланысты адвокаттар алқасы қорғаушы мен прокурор мәртебесін теңестіруді ұсынды.
Айдын Бикебаев, республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:
- Конституцияда прокурордың мәртебесі жоғары, ал адвокат туралы ештеңе де айтылмаған. Келесі мәселе – қаржыландыру. Көптеген қылмыстық істе мемлекет тегін адвокат ұсынатынын білесіздер. Оларға мемлекет төлейді. Есептеп қарасақ, әр адвокатқа айына 80 мың теңге ғана түседі екен. Бұл әрине, прокурорлардың жалақысынан әлдеқайда төмен.