Хабар телеарнасы

«Nomad run» ультрамарафонына қатысушылар Ақтауға жетті

Мұсылман қауымы үшін қасиетті Меккеге қанша уақытта жүгіріп баруға болады? Осыдан 1 ай бұрын Астанадан шыққан бір топ желаяқ осыны тексеріп көрмек. Олар Ақтауға жетті. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Nomad run» жобасына қатысушылар 8 мыңға жуық шақырымды еңсерген. Ультрамарафон елордада 25 сәуірде басталған еді. Содан бері 5 спортшы еліміздің жүздеген елді мекенін басып өткен. Олардың бұл ерлігі еленіп, үлкен қашықтықты жаяу бағындырған азаматтар ретінде есімдері еліміздің «Гиннестің рекордтар кітабына» енді. 33 пен 55 жас аралығындағы желаяқтар Ақтауда тынығып алған соң Сауд Арабиясының Мекке қаласына дейін жүгіріп бармақшы. Жігіттер 26 маусымда басталатын қажылыққа үлгере ме екен? Марафон біздің назарымызда болады.  

Медғат Теміржан, ультрамарафонға қатысушы: 
- Өзім қарапайым күзетші болып жұмыс істеймін. Елімізде алғаш ұйымдастырылып отырған «Nomad run» ұлттық идеологиялық жобасы Астана-Ақтау бағытында 7 мың 500 шақырымды 1 айда жүгіріп өту. Күтіп алып жатқан ақтаулық ағайынға алғысымыз шексіз. Еліміз көркейіп, дами берсін.