Тағам қауіпсіздігін қалай арттырамыз?
Не жеп жүрміз? Азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен пара-пар. Себебі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемдегі әр оныншы адам тағамның жақпауына байланысты дертке ұшырайды. Салдарынан жыл сайын 420 мыңы қайтыс болады. Мұндай мәліметті Сілтеме баспасөз клубының пресс-конференциясында биология ғылымдарының докторы, профессор Балғабай Майқанов келтірді. Маманның айтуынша, маусымнан тыс кезеңде жеміс-жидектерді алуға асықпау керек. Себебі жемістің пісуі үшін түрлі қоспалар мен нитраттар қосылады. Қарапайым жаңғақтың өзі зеңге толы болуы мүмкін. Құс еті өз алдына бөлек әңгіме. Себебі құсты тез өсіру үшін оған түрлі гормондар беруі бек мүмкін. «Сондықтан кез келген азық-түлікті жіті қадағалаудан өткізу маңызды»,-дейді маман. Ал елде бұл ақсап тұр. Осыған байланысты ғалым Тағам қауіпсіздігі жөнінде арнайы агенттік құруды ұсынды.
Балғабай Майқанов, биология ғылымдарының докторы, профессор:
- Дұрыс бақылау болмай отыр ғой. Мысал үшін квартал сайын өндірушіден сынаманы алып, тексеріп отырса бір-ақ рет болсын сол сынамаларынан гормон мен антибиотик шықса, ондай шаруашылықты банкротқа айналдыру керек. Одан тартып алу керек. Несие бермеу керек. Солай ғана тәртіпке келтіруге болады. Ет алардың алдында иіскеп көріңіз, дәрі-дәрмектің иісі шықса, ешқашан ондай етті алмаңыз.