Ақтөбеліктер қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
Ақтөбеліктер қала шетіндегі Түйетөбе басына барып, қуғын-сүргін құрбандарын еске алды.
Мұнда солақай саясаттың салдарынан түрлі жала жабылып, жазықсыз атылғандар жерленген. Түйетөбе 1990 жылдары кездейсоқ анықталған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде алғашқыда 127 адамның сүйегі табылды. «Төбе айналасында әлі де жүздеген құрбан жатуы мүмкін», - дейді тарихшылар. Жалпы 1936-1937 жылғы саяси репрессия кезінде бір ғана Ақтөбе облысынан 8 мыңға жуық адам тұтқындалып, оның 2 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Бүгін қаза болған құрбандардың рухына құран бағышталды.
Фариза Қонақова, қала тұрғыны:
- Атамызды 1937 жылы «Халық жауы», «жапондардың тыңшысы» деген желеуменен алып кеткен. Ол кісі атақты молда, жырау болған. Құрбан болғандарды ақтаған жылы Мұғалжар ауданының дін алыбы деген атақпенен ақтап шыққан. Бұның барлығы саясаттың салдары ғой енді.
Асылбек Мәден, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Ойыл ауданында, Ырғыз ауданында, Қарғалы ауданында депортациямен келген халықтар сондай аудандар бойынша бөлініп түсірілді сол жерге аш-жалаңаш. Түрлі індеттен өлген адамдар бауырластар зираттары бар. Сондай анықталып жатыр қазір.